Мектеп мұғалімдерінің даму басымдықтарының талдауы
Мектеп мұғалімдерінің даму
басымдықтарының талдауы
TALIS зерттеуіне негізделген сауалнама мектептегі оқыту мен оқу саласын зерттеу үшін өткізілді. Зерттеуге мектептің 41 педагогы қатысты. Сауалнама толтырмастан алдын педагогтарға оның маңыздылығы жайлы айтылып, шынайы жауап берілуі өтінілді. Бұд зерттеудің жүргізіліуі мектеп қызметкерлерінің кәсіби біліктілігінің қай деңгейде екенін анықтауға көмектеседі. Себебі, оқыту мен оқу саласының дамуына қол жеткізу үшін, мектеп қызметкерлерінің кәсіби деңгейін анықтау қажет. Олардың басымдығы мен әлсіз тұстарын анықтағаннан соң ғана, біз педагогтардың кәсіби өсуіне жағдай жасай аламыз.
Зерттеуге ұжымның – 87,2% қатысты. Олардың 39-ы әйел – 95,1%, екеуі ер адам – 4,9% болды. Жас ерекшеліктері бойынша көрсеткіштері төмендегідей болды:
25-ке дейін – 7,3 %
25-29 жас – 17,1%
30-39 жас – 19,5%
40-49 жас – 36,6%
50-59 жас – 22,0%
60+ жас – 0,0%
Кәсіби даму саласындағы өз қажеттіліктеріңізді ескере отырып,
төменде көрсетілген салалардың қайсысында даму қажет деп санайсыз? (18-сұрақ) сұрағына орташа және өте қажет деп санайтындар төмендегідей болды:
- Сабақ беретін негізгі пәндеріңізді оқыту тәжірибесі туралы білім және түсінік;
- Оқушыларды бағалау әдістемесі;
- Оқытудағы АКТ дағдылары;
Бұл салаларды дамыту қажет деп санайтын мұғалімдердің саны өте көп болды. Олар бұл бөлімдердің оқыту мен оқуды дамытуда өте маңызды екенін түсінген.
Мына салалардың даму қажеттігін орташа және өте қажетті дегендер қатары да көп болды:
- Білім беруде ерекше қажеттіліктері бар оқушыларды оқыту;
- Сабақ беретін негізгі пәндеріңіз бойынша білім және түсінік;
- Сыныпты басқару;
- Оқушылардан кеңес алу;
- Сабақ беретін негізгі пәндеріңіздің мазмұны мен табыс критерийлері;
Жоғарыдағы сұрақтарды талқылай отырып, мұғалімдердің кей мәселелердің өзектілігін түсінгені байқалды. Бұл проблемаларға мұғалімдердің басымдық беруі, олармен ұйымдастырылып жатқан біліктілікті көтеру курстары, семинарлар, конференциялар мен коучтардың оң әсері деп ойлаймын. Мектептегі оқыту мен оқуды дамытуды мұғалімдердің кәсіби өсуі арқылы ғана жүзеге асыра аламыз. Мұғалімдердің кәсіби өсуін қалай көтере аламын?.. Бұл - біздің елдегі ғана емес, әлемдік проблемалардың бірі.
Жаңа Зеландия елінде мектеп директорлары жоспар жасау үрдісінде өзінің кәсіби өсуі мен даму қажеттіліктерін нақты көрсетуге назар аударады. Алдымен, мектеп оқушыларының басымдығын анықтайды. Мектеп басшысы оқушылардың басымдығын дамытатын көшбасшы ретіндегі өзінің кәсіби білімі мен дағдыларын қалай жақсартатынын, бұл кәсіби өсудің оқушыларға қандай әсері болатынын зерделейді. Кәсіби даму мектеп көшбасшылығының ажырамас бөлігі деп түсінеді.
Финляндияда мектептің күнделікті жұмысында директорлар келісімділік пен ынтымақтастыққа жауапты. Бұл ынтымақтастық мұғалімдер, әдіскерлер және арнайы қажеттіліктері бар балаларды оқыту мұғалімдері тарапынан жиі іске асырылады. Ынтымақтастық қарым-қатынас арқылы ғана нәтижеге қол жеткізуге болады. Сондықтан, біздің алғашқы міндетіміздің бірі - мектепте әкімшілік пен мұғалімдер, ата-аналар, мұғалімдер мен оқушылар, мұғалімдер мен мұғалімдер арасында ынтымақтастық қарым-қатынасты орнату.
Әрине, мектептің қажеттілігін қанағаттандыру үшін мектеп директоры кәсіби өсу мен дағдыны үнемі дамыту қажет. Біздің мектептерді дамыту үшін мектеп басшысының кәсіби біліктілігі жоғары болуы керек. Кәсіби өсуі жүйелі түрде жоспарланған басшы ғана, мектептегі оқыту мен оқуды өз деңгейінде ұйымдастырып бақылай алады.
Ал, оқушылардан кеңес алу саласын даму керектігін мұғалімдердің түсінгені мені таң қалдырды. Себебі, курстан алдын менің өзім де, оқу үдерісінде оқушылардың пікірінің маңыздылығын түсінбейтін едім. Оқушы пікірінің маңыздылығы жайлы тренер Төлеген Кәкімұлы бізге жете түсіндіргенінің арқасында мен өз оқушы үніне деген ұстанымымды өзгерттім. Тәжірибе барысында оны өз мұғалімдеріме жеткізе алғаныма да қуандым.
Мектепті басқару және әкімдеудің даму қажеттігін аз ғана мұғалімдер
қажет деп санайды екен. Оқушылардың тәртібі мен мінез-құлық проблемаларының қажеттігі де аз пайызды көрсетті, мұны қажет емес деп санайтындар 82,9% көрсетті. Сондықтан мен осы бағытқа мән беруім қажет. Соңғы екі саланың дамуын көтеру керек деп ойлаймын. Себебі, мектеп басшысы дұрыс басқару, бағыттау және оқушылардың тәртібі мен мінез-құлық проблемалары мектептің оқыту мен оқу деңгейін көтеруге әсер ететін факторлардың бірі.
Соңғы 18 айдың ішінде көрсетілген кәсіби даму түрлерінің қайсысына қатыстыңыз және де алған біліміңіздің мұғалімдік тәжірибеңізге әсері болды ма? дейтін 11-сұрақта әсері орташа, әсері зор деп санайтындар мынадай жоғары пайызды көрсетті:
- Мектеп іс-шараларының ресми бөлігі ретінде жүретін тәлімгерлік және әріптестік қадағалау және коучинг - 97,5% ;
- Біліктілік бағдарламасы (мысалы, дәреже алуға бағытталған бағдарлама) – 97,5% белгілеген;
- Танысу мақсатындағы басқа мектептерге сапарлар көмектеседі деп 92.6% есептейді;
- Білім беру саласындағы конференциялар/семинарлар - 90.2%
Бұл бөлімдер - мектеп мұғалімдерінің көрсеткен басымдықтары. Жоғарыдағы көрсеткіштерді саралай келе, өткізіліп жатқан коучингтер, біліктілік курстар, басқа мектептерге сапарлардың мұғалімдердің кәсіби өсуіне әсерінің жақсы болғандығын байқадым.
- Сізді қызықтыратын тақырыптар бойынша жеке немесе бірлескен зерттеулер - 19,5%;
- Мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін арнайы құрылған мұғалімдердің кәсіби қоғамдастығына қатысу - 17,0%
болып, төмен деңгейді көрсетті. Бұл көрсеткіш қоғамдастықтар мен жеке және бірлескен зерттеулердің мектепте дұрыс ұйымдастырылмайтынының дәлелі. Демек, мұғалімдердің жеке және бірлескен зерттеулері мен кәсіби қоғамдастыққа қатысуына жағдай жасау қажет. Осы бағытта жаңа ақпараттармен қамтамасыз ету үшін шаралар ұйымдастыру керек екенін түсіндім.
Өзге елдер ішінде Финляндияның әдісі маған ұнады. Онда мұғалімнің кәсіби өсуіне ереше мән береді. Мұғалім жұмысын бағалудың ұлттық жүйесі жоқ, бірақ білім мекемелерінің көпшілігінің өз бағалау жүйесі, әзірлемесі бар. Пән мұғалімінің жұмыс уақытына қандай да бір мектептегі тәжірибеге байланысты, бір мұғалімге екі аптада 2-5 сағат мұғалімдер жиналысына, пән мұғалімдерінің кездесуі және талқылауларға бөлінуі үшін жоспарлау бойынша бірлескен жұмыс қосылады. Бұл тәжірибелерді өз мекемемізге ыңғайлап қолдансақ, көшбасшы мен мұғалімнің кәсіби өсуіне жақсы әсер етері сөзсіз.
Осы мектепте алған бағаңыз және/ немесе кері байланысыңыз төмендегі салаларды қаншалықты өзгертті немесе өзгерістің орын алуына ықпал етті? (24-сұрақ) бөлімі бойынша орташа және қатты өзгерді деп санайтын мұғалімдер көрсеткіші төмендегідей болды:
- Сыныпты басқару тәжірибесі – 48,7% ;
- Сабақты беретін негізгі пәндеріңіз бойынша білім мен түсінік - 48,7%;
- Оқыту тәжірибеңізде оқушылардың оқу үлгерімін жақсартуға көңіл бөлуіңіз -46,3%;
- Сабақ беретін негізгі пәндеріңізді оқыту тәжірибесі бойынша білім мен түсінік – 36,5%;
Мұнан сыныпты басқару тәжірибесінде, сабақты беретін негізгі пәндеріңіз бойынша білім мен түсінік және оқыту тәжірибеңізде оқушылардың оқу үлгерімін жақсартуға көңіл бөлуінде өзгерістің жақсы болғанын аңғардым. Мұғалімдердің сабақ беретін негізгі пәндеріңізді оқыту тәжірибесі бойынша білім мен түсініктері де едәуір өзгергенін түсіндім.
- Білім беруде ерекше қажеттіліктері бар оқушыларды оқыту тәжірибеңіз – 34,1%;
- Оқыту тәжірибеңізді жақсартуға бағытталған кәсіби даму жоспары немесе оқу жоспары - 29.2%;
- Көп ұлтты ортада оқыту тәжірибеңіз – 17,0%;
- Оқушылардың тәртібі мен мінез-құлық проблемаларын шешуде қолданатын әдіс-тәсілдеріңіз – 9,7%;
Білім беруде ерекше қажеттіліктері бар оқушыларды оқыту тәжірибесі бойынша орташа және қатты өзгерді деп 34,1% мұғалім санайды. Мектепте ерекше қажеттілігі бар балаларды оқытуда мұғалімдер қиналатын. Себебі, ол балалармен жұмыс қалай ұйымдастыруында, қандай тапсырмалар таңдау қажеттігі мұғалімдерге қиындық туғызатын. Енді осы мәселе бойынша мұғалімдерде қозғалыстың пайда болғанын ұқтым. Оқыту тәжірибеңізді жақсартуға бағытталған кәсіби даму жоспары немесе оқу жоспары - мектеп жұмысының ең маңызды бөлігі. Егер мектеп жұмысының сапасын жақсартуды көздесек, осы салада көп өзгеріс жасау керек. Жоспар қазіргідей жай қағазда көрсетуге арналған емес, шынымен де мұғалімнің жұмысын жақсартатын жоспар болуы қажет.
Көп ұлтты ортада оқыту тәжірибеңіз біздің мектепте онша маңызды емес, себебі бізде тек қана қазақ ұлты балалары ғана білім алады. Дегенмен, мұғалімдердің кей салалардың өзгеруін әсірелеп жіберген сияқты
Оқушылардың тәртібі мен мінез-құлық проблемаларын шешуде
қолданатын әдіс-тәсілдеріңіз бөлімі ең аз көрсеткішті көрсетті. Меніңше, оқушы тәртібіне қатысты әдіс-тәсілдердің маңыздылығы жоғары. Сондықтан осы бағытты өзгертуге күш салуға тиістімін.
Жоғарыдағы бөлімдер бойынша мынадай негізгі үш проблема шықты:
- Мұғалімдердің кәсіби дамуы үшін пәнді оқыту тәжірибесі туралы білім мен түсінік;
- Оқушыларды бағалау әдістемесі;
- Оқытудағы АКТ дағдылары;
Бұл проблемалардың шығу себептері төмендегідей деп ойлаймын:
1.Тиімді оқыту әдіс-тәсілдерін сабақта дұрыс қолданылмауы; 2.АКТ-ны сабақта қолдану дағдыларының төмендігі; 3.Жоспарларды бірлесіп талдау және өзгертудің жоқтығы; 4.Ынтымақтастық қарым-қатынастың аздығы; 5.Мұғалімдердің жеке және бірлескен зерттеуінің өте аздығы; 6.Кәсіби қоғамдастықтардың жұмысын жоқтығы; 7. Бөлінген көшбасшылықтың аздығы; 8.Оқыту мен оқу тәжірибесін талдаудың аздығы; 9.Мұғалімдердің кәсіби өсу жоспарының жай құрастырылуы;
10.І, ІІ деңгей мұғалімдері мен тренерлердің көшбасшылығының аздығы;
11.Оқушы мен ата-аналар пікірінің ескерілмеуі;
Осы себептерді жою үшін не жоспарлаймын, оны қалай жүзеге асырамын?..
Финляндияда директор мектеп дамуында маңызды рөл атқарады. Мектеп директоры көптеген үміттер орталығы болып табылады және оның тәжірибесіне сенеді. Ата-аналар, әдетте, мектеп жұмысының берік жақтаушылары. Финляндияда мектептерде көптеген ата-аналар бірлестігі бар. Мұғалімдер мен директорлар өз мектептерімен байланысты барлық іс-шараларға белсенді қатысады. Менде осы мемлекеттің тәжірибесіне сүйене отырып, ұжымның, ата-аналардың және оқушылардың өзіме деген сенімін арттыру үшін әрекет етуім қажет. Өзім де, мұғалімдер де білім саласына қатысты барлық шараларға белсенді қатысып қана қоймай, оны талдауға, зерттеуге дағдылануымыз керек. Мектепте ата-аналардың бірнеше бірлестіктері немесе, қоғамдастықтарын құру арқылы олардың оқыту мен оқуды көтеру үшін қызмет етуін ұйымдастырсақ, еңбегіміз жемісті болары сөзсіз.
Талис сауалнамасы бойынша жүргізілген зерттеу нәтижесін тренер ұсынған «Тепе-теңдік шеңберіне» салып, ондағы мәселелерді талқыладым. Шеңберге алдымен мұғалімдердің кәсіби дамуы саласындағы қажеттіліктері анықтап, ретімен жаза отырып, дамуы қажет салаларды нақтыладым. Ал, он бірінші сұрақтағы кәсіби даму түрлерінің мұғалімдік тәжірибеңізге әсері болғаны жайлы сұрақ қою арқылы мұғалімдердің кәсіби дамуын қандай жолдар арқылы дамытуға болатынын аңғардым.
Мектепте алған баға немесе кері байланыстың қай салаларды өзгертті немесе өзгерістің орын алуына ықпал етуі жайлы зерттей келе, кері байланыс нені дамытуға әсер еткенін түсіндім. Мұғалімнің кәсіби өсуін дамыту үшін, алдымен басшы ретіндегі өзімнің кәсіби дамуыма ерекше мән беруім қажет екенін байқадым. Талис сауалнамасы бойынша жасалынған социометрия мектеп жағдайын жете түсінуіме және өзіндік қорытынды жасауыма жол салды.
Жалпы курс үдерісінде мектеп пен мұғалімдердің жалпы ахуалын түсінуіме әсер етті. Мектептегі оқыту мен оқуды дамытуды қалай жүзеге асырамын, мұғалімдердің кәсіби өсуіне қалай оң әсер ете аламын, мектептегі ынтымақтастық пен мәдениетті қалай көтеремін, деңгейлік курсты бітірген мұғалімдерден не талап етемін? деген сұрақтар мазалаушы еді. Енді мен осы сұрақтардың жауабын тапқандаймын. Ол үшін бірінші және екінші бетпе-бет кезеңінде бізді заманауи мектеп көшбасшысының қалай болу керектігін ұғындым, мектепті зерттеудің қыр-сырын түсіндім, өзге елдер тәжірибесін өз ыңғайыма сай қолдануға тырысамын, шыққан проблемалар негізінде жұмыс жоспарлай аламын. Мен шынында да кез келген проблеманы шешу жолын түсіндім. Мені осы деңгейге көтерген тренеріміз Төлеген Кәкімұлына алғысым шексіз.